Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан байқау өтті

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Абайды оқы, таңырқа!» атты Абай өлеңдерін мәнерлеп оқудан ҚР ЖОО студенттері арасында республикалық сайыс өтті.

Іс-шараға университет ректоры Ахмед Хусейн Мұхамед Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар арнайы қатысты. Оқу ошағының ректоры өз сөзінде ұлы тұлғаны ұлықтаудың қоғамдық маңызын алға тартты: «Бүгінгі ұрпақ үшін Абай – өткеннің ғана емес, болашақтың да шамшырағы. Біз Абайды оқығанда – өзімізді танимыз, Абайды түсінгенде – қоғамды түзейміз. Сондықтан Абай мұрасын дәріптеу – тек құр сөз емес, ол – біздің санамызды жаңғырту, рухымызды биіктету».

Сайыс басында оқу ордасының проректоры, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар да сөз өрбітіп, Абай мұрасының ғылыми артықшылығы жайлы ой айтты: «Абайды оқу, оның еңбектеріне жиі ой жүгірту ғылымға деген үлкен жолды ашады. Ақынның еңбектеріне, өлеңдеріне, тұтас шығармашылығына жазылған ғылыми еңбектерді оқысаңыз, терең танымға, терең ғылымға бойлай бересіз. Бүгінгі сайыста Абай өлеңдері мағыналық, философиялық мәнде ғана емес, ғылыми бағытта да студенттерге құнды олжа болады деген ойдамын».

Талапты жастарды тоғыстырған додаға еліміздің беделді 13 ЖОО-нан жиналған жиыны 18 студент қатысты. Сайыс жеңімпаздары мен жүлдегерлеріне арнайы алғыс хат беріліп, бағалы сыйлықтар табысталды. 

«Абайды оқы, таңырқа!» атты Абай өлеңдерін мәнерлеп оқу сайысының қорытындысы бойынша бас жүлдені Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің студенті Абилда Мархаба иеленді. Сондай-ақ, І дәрежелі дипломмен Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Смайл Азамат марапатталды.

Қазылар алқасының шешімімен ІІ дәрежелі диплом Халықаралық көліктік-гуманитарлық университетінің атынан келген Гүлбану Оңғарқызы мен Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің шәкірті Химан Алиханға берілді.

Одан бөлек, III дәрежелі диплом озық өнер көрсеткен үш студентке табысталды. Осылайша үздіктер қатарына қосылуға Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қос студенті Айдарали Алина мен Серікқызы Сабина, сондай-ақ, Абай атындағы Қазақ ұлттық университетінің студенті Тайбағар Ботагөз лайық деп танылды.

Соңғылар

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды
«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды
17.04.2026 Жаналықтар

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде Ғылым апталығы аясында «Көптілділік – бүгінгі

Read More