«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде ғылыми сайыс өтті

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде «Dasturosy» қосымша білім беру және ижаза орталығы ұйымдастырған «сарф», «нахву», «баләға» пәндері бойынша ғылыми сайыс қорытындыланды. Жиынға университет ректоры Ахмед Хусейн Мухамед Ибраһим мен проректор, PhD доктор Оңғар Ершат Ағыбайұлы арнайы қатысты.

Оқу ошағының ректоры өз сөзінде сайысқа қатысқан студенттерге алғыс айтып, ғылыми жолда табанды болуға шақырды:

«Өткен аптада Ғылым апталығын тәмамдадық. Бүгін тағы бір білім додасының нәтижесін білу үшін жиналып отырмыз. Мұндай сайыстардың өтуі шәкірттер үшін үлкен олжа. Шынайы ілімнің өзі осындай жарыстардан тұрады. Ғылымға қадам басқан сіздерді қашанда алған беттеріңізден қайтпауға шақырамын».

Сондай-ақ, іс-шара басында университет проректоры, PhD доктор Оңғар Ершат Ағыбайұлы да сөз өрбітіп, аталған білім бәсекесінің мән-маңызын алға тартты:

«Ғылымға бет бұрамын, жақсы ғалым боламын деген шәкірттер осындай діни ілімдерді зерттеуге, оларды жіті түйсінуге әрекет еткені жөн. Одан бөлек, бұл дін қызметкері үшін де, шариғаттың мақсатын, шариғаттың шарттарын білемін деген адам үшін де құнды ілім екені даусыз».

Шәкірттердің ғылыми танымын арттырған сайыс 30 наурыз бен 17 сәуір аралығында ұйымдастырылды. Осы уақыт ішінде білім бәсекесіне 200-ге жуық студент қатысып, үш пән бойынша өзара үздіктерді анықтады. Жарыс нәтижесі бойынша жиыны 18 қатысушы (9 ұл, 9 қыз) жеңімпаздар мен жүлдегерлер қатарына қосылды.

«Баләға — көркем ой кілті» аталымында озық атанған қатысушылар

Ұлдар санаты бойынша:
І орын – Оспанов Айбар
ІІ орын – Қожекен Нұрбек
ІІІ орын – Илхамжанов Абдулазиз

Қыздар санаты бойынша:
І орын – Абибулла Айна
ІІ орын – Бағытжан Зайнаб
ІІІ орын – Эрниязова Үммігүлсім

«Сарф ілімі — тіл негізі» аталымында жеңімпаз атанған қатысушылар

Ұлдар санаты бойынша:
I орын — Нұрсұлтан Альшер
Il орын — Нұрғиса Тәңірбергенов
III орын — Амангелді Нұртілек

Қыздар санаты бойынша:
I орын — Сайпулла Ақниет
Il орын — Рустамова Муяссар
III орын — Айтжанова Мадина

«Нахву ілімі — тіл тірегі» аталымында үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар

Ұлдар санаты бойынша:
I орын — Илхамжанов Абулазиз
II орын — Фазил Алмас
III орын — Нұрхайыр Ерім

Қыздар санаты бойынша:
I орын — Рустмова Муяссар
Il орын — Сайпулла Ақниет
III орын — Молдабек Карина

Марапаттау рәсімі жиыны 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде университетімізде ең жоғары ғылыми нәтиже көрсеткен ғалымдарға Ғылыми номинациялар үлестірілді. «Ғылымдағы көшбасшы профессор» номинациясына – Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доктор, профессор Ш.Т.Керім лайық деп танылып, Үлкен қажылық сыйға берілді. Келесі «Үздік ғалым» номинациясымен – Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Ы.М. Палтөре марапатталып, Ұмра қажылығы табысталды.

Одан бөлек, «Университет ғылымына қосқан үздік үлесі үшін» номинациясы мен Ұмра қажылығын Исламтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Р.С.Мухитдинов пен Дінтану кафедрасының профессорлары Қ.А.Затов пен М.Б.Исахан иемденді. «Университеттің ең белсенді авторы» номинациясы – Дінтану кафедрасының PhD докторы Ж.Бұланға беріліп, Ұмра қажылығына бару мүмкіндігі сыйланды. Соңғы «Ғылыми әлеуетті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын – Исламтану кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Қ.С.Ержан еншілеп, оған шипажайда демалуға мүмкіндік беретін серфикат табысталды.

Екінші кезеңде Ғылыми зертеу жұмыстарын қолдау мақсатында Томсон Рейтерс (Web of Science,Thomson Reuters), Scopus ақпараттық деректер базасында нөлдік емес импакт-факторы бар басылымдарда, Комитет тізбесіне енгізілген басылымдардағы (БҒСБК) жарияланым белсенділігін ынталандыру сыйлықтары берілді. Бұл марапатқа Ринат Казмуханов, Ардабек Хомпыш, Алия Махамбетова, Еркінбек Дәкен сынды бір топ ғылым өкілдері лайық деп танылды.

Үшінші кезең Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылған мемлекеттік жобаларын сәтті аяқтаған жоба жетекшілерін марапаттаумен түйінделді.

Бұл бөлімде «Деобандия мектебінің діни-саяси идеологиясының Орта Азияға ықпалы» атты «Жас ғалым» жобасын сәтті аяқтағаны үшін Абдилхаким Бурханадин Шарафутдинұлына алғыс хат берілді. Сонымен қатар, «Әл-Фараби трактаттарындағы педагогикалық мұраларды қазіргі білім беру жүйесіне кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» атты жобасын сәтті аяқтағаны үшін Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы мен «Сандық кеңістіктегі ислам (қазіргі Қазақстан мысалында)» атты ғылыми жобасын ұтымды жүзеге асырғаны үшін Керім Шамшәдин Тұрсынұлына да алғыс хат табысталды.

Төртінші кезеңде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №2 хаттамасының шешіміне сәйкес «М. Әуезов атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми жұмыс үшін жас ғалымдарға арналған сыйлық» иегерлері университет тарапынан марапатталды. Бұл марапатты Дінтану кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Темірбаев Талғат пен аталған кафедраның PhD докторы Темірбаева Айгерім иеленді.