Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде биылғы түлектерге арналған салтанатты диплом тапсыру рәсімі өтті. Салтанатты жиын барысында алғаш рет Брайль жүйесімен басылған Құран Кәрімнің таныстырылымы өтіп, бұл жоба – көру қабілеті шектеулі жандардың діни білімге еркін қол жеткізуіне жол ашатын маңызды қадам ретінде бағаланды.
Салтанатты рәсімде Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы университеттің бітіруші түлектеріне өз қолымен диплом табыстап, игі тілегін білдірді. «Сіздер – діни білімді терең меңгеріп, ел болашағына үлес қосуға дайын жас мамандарсыздар. Алған ілімдеріңізді парасатпен жұмсап, қоғамға қызмет ету – әрқайсыңыздың міндетіңіз», – деді Бас мүфти өз сөзінде.
Білім ордасының проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар да түлектер мен ата-аналарды құттықтап, олардың бұл жетістігі тек жеке жеңіс емес, бүкіл қоғам үшін үлкен мәртебе екенін атап өтті. «Бұл күн – тек түлектердің ғана емес, олардың ата-аналары мен ұстаздарының да еңбегі ақталған қуанышты сәт. Сіздердің әрбір жетістіктеріңіз – біздің ортақ мақтанышымыз. Алған білімдеріңіз елге, дінге, адамзатқа қызмет ететін игі істердің бастауы болсын», – деді проректор Ершат Оңғар.
Рәсім барысында түлектердің білім жолындағы қажырлы еңбегі, университет қабырғасындағы белсенділігі мен жетістіктері атап өтілді. Қуанышқа толы бұл сәт студенттер үшін де, ұстаздар үшін де – толғаныс пен мақтаныштың бір мезеті болды.
Ал салтанатты кештің соңында Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы хазірет және университет проректоры Ершат Ағыбайұлы білім ордасының ауласында ағаш отырғызып, бұл сәтті символдық мәні бар игі ісімен қорытындылады.
© Copyright 2024 All Rights Reserved
info@nmu.edu.kz
© Copyright 2025 All Rights Reserved