Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Ислам ілімдері» бойынша студенттік олимпиада өтті. Іс-шараның ашылу салтанатына оқу ошағының ректоры Ахмед Хусейн Мұхаммед Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар арнайы қатысты.
Білім бәсекесінде университет ректоры құттықтау сөз сөйлеп, Ислам ілімдерін игерудің артықшылығын алға тартты: «Біз үшін Ислам ілімдерін терең меңгерген, парасатты, отансүйгіш жас буын тәрбиелеу – басты мақсаттардың бірі. Себебі, ілім мен иман қатар жүрген жерде ғана қоғамда әділет, бірлік және рухани тұрақтылық орнайды».
Елеулі жиында оқу ордасының проректоры, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар да сөз өрбітіп,
«Исламтану ілімін» зерттеуге бет бұрған жастарға сенім білдірді: «Исламтану ілімін» қазіргі заманға сай бағытта талдап-талқылау орынды қарекет. Біз «Исламтану ілімін» зерделеуге ниетті әр шәкірттің қанатын қомдауға, оларға осы жолда оңтайлы жағдай жасауға мүдделіміз. Бүгінгі студенттік конференция «Исламтану ілімін» заманауи бағытта зерттеуге, тың деректер мен құнды қайнаркөздерді парықтауға, аталмыш ғылымды жетілдіруге дәнекер болады деген сенімдемін».
Ұйымдастырушылар бекіткен қағидатқа сай білім бәсекесі қос кезеңнен тұрды. Алғашқы сында ислам ілімдерін игерген шәкірттер Фиқһ, Усуль әл-фиқһ, Ақида және Араб тілі (иғроб) сынды жиыны 4 бағыт бойынша тест тапсырмаларын орындап, өзара кіл мықтыны анықтады. Нәтижесінде, 75 студенттің ішінен 16 үздік қатысушы іріктеліп, келесі айналымға жолдама иеленді.
Екінші кезең де аталған бағыттар бойынша жүзеге асты. Бірақ бұл сында қатысушылар берілген тапсырмаларға ауызша жауап берді.
Фиқһ бағыты бойынша Бакех АмирМұхаммед бірінші орын иегері атанса, Қабдулуахит Ислам екінші орынды иеленді. Ал Иманқожа Фариза бұл бағыт бойынша үшінші орынға қол созды.
Усуль әл-фиқһ бағытында Тұрсынбай Тоқжан бірінші орынды иеленсе, Айбекұлы Дамир екінші орынды місе тұтты. Бұл бағытта үшінші орынды Серікқали Мұратқали жеңіп алды.
Ақида бағыты бойынша бірінші орынды Бектияров Мағжан алса, екінші орын Киргизбай Диястың еншісіне кетті. Аталмыш бағытта үшінші орын Исанова Дильназға берілді.
Араб тілі (иғробтау) бағытында бірінші орынды Шаймұратова Ақбота алды. Жүлделі екінші орынды Нұрәлі Аяла, үшінші орынды Алишер Ұғылай иеленді.
Осылайша Исламтану кафедрасының басшылығымен ұйымдастырылған «Ислам ілімдері» олимпиадасы өз мәресіне жетіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Нұр-Мүбарак университетінде ислам ілімдері бойынша зияткерлік сайыс өз мәресіне жетті Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Ислам ілімдері» бойынша студенттік олимпиада
© Copyright 2024 All Rights Reserved
info@nmu.edu.kz
© Copyright 2025 All Rights Reserved