Введите текст заголовка

09.07.2025

Қоғамда қауіпсіздік пен тұрақтылықты қамтамасыз ету – кез келген мемлекеттің басты міндеттерінің бірі.

Ислам шариғаты адамның ар-намысымен амандығын басты орынға қояды. Қасиетті Құранда келтірілген «Нұр» сүресінің 31-аятында әйелдерге тән қарапайымдылық пен ибалықтың киім үлгісі сипатталып, тек қажетті дене мүшелерін көрсетуге рұқсат етілген. Хадистерден де әйел кісінің беті жүзі мен алақаны ашық болуына шектеу қойылмағаны көрініс табады. Бұл – Исламдағы орта жол ұстанымының дәлелі. Сол себепті Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының елдегі заңнамалық өзгерістерге байланысты білдірген мәлімдемесін біз – «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университеті Ислам дінінің негізгі қағидаттарына, сондай-ақ қазақ халқының салт-дәстүрі мен қоғамдық жарасымдылық көзқарастарына да сай келетін ұстаным ретінде толық қолдаймыз.

Сонымен қатар қазақ халқының ғасырлар бойғы мәдениетін зерделесек, мұнда да бет-жүзді толық бүркеу дәстүрі болмаған. Қазақ қоғамында әйел затының орны ерекше болған және қыз баласына аса үлкен құрметпен қараған. Сондықтан ибалылықты, арды, ұятты өмірлік құндылықтарының өлшемі ретінде қабылдап, жаулық, кимешек, орамал тарту арқылы әйел затына тән талғампаздық пен сұлулықтың үлгісі көрсете білген. Кимешек киген әжелеріміз де, ұзатылған қыз баласы да ел көзінше бетін тұмшаламаған. Қазақ әйелі – елдің ұйытқысы, ұрпақтың тәрбиешісі, ал имандылық пен парасаттылық – оның басты белгісі болған.

Қазіргі таңдағы бет-әлпетті толық жабатын киімге қатысты қойылып отырған заң шектеулері қоғамдық қауіпсіздікті сақтау мен ұлттық болмысты қорғау ниетінен туындап отырғаны айқын.
Ислам діні – бейбітшілік пен парасаттылық діні. Ол мемлекеттің заңдарына бағынуға, қоғаммен келісімде өмір сүруге үндейді. Бұл бағытта ҚМДБ-ның аталмыш мәлімдемесі – ел ішіндегі бірлік пен тыныштыққа қызмет ететін маңызды ұстаным.

Біз, Нұр-Мүбарак университетінің ұжымы, әрқашан дін мен дәстүр сабақтастығын, мемлекет пен қоғам арасындағы өзара түсіністік пен сенімді нығайту жолында еңбек етіп келеміз. Еліміздегі тыныштық пен тұрақтылық – бәріміздің ортақ игілігіміз. Сондықтан діни құндылықтарды сақтай отырып, мемлекеттік тәртіп пен қоғамдық келісімді де құрметтеу – әрбір азаматтың міндеті деп білеміз.

       Алла Тағала жұртымызға амандық, халқымызға ынтымақ пен береке нәсіп етсін!


Ершат ОҢҒАР
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің проректоры,
PhD доктор