Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Орталық Азия және Қазақстандағы ислам: тарихи дәстүр және заманауи көзқарас» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция басталды.
Айтулы жиын қасиетті Құран аятын оқумен ашылып, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы дұға жасады. Конференцияның салтанатты ашылу рәсімінде Қазақстан мен Мысыр елдерінің гимндері шырқалды.
Алқалы басқосуға Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы, Мысыр Уақыптар министрлігінің өкілі профессор Усәма Фахри Фикри әл-Жинди, Ресей мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары әрі Мәскеу Ислам институтының ректоры Дамир Мухетдинов, сондай-ақ Мысырдағы әл-Азһар университетінің Шетелдік студенттерге арналған Ислам ғылымдары факультетінің деканы профессор Нахла әс-Сағиди қатысты. Сонымен бірге, Қырғызстан мұсылмандары діни басқармасы төрағасының бірінші орынбасары Самаган Мырзаибраимов, Өзбекстан Діни басқармасы жанындағы Пәтуа орталығы директорының орынбасары Гуломжон Холбоев, Нұр-Мүбарак университетінің ректоры профессор Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһим және басқа да мәртебелі меймандар қатысуда. Сонымен қатар, жиынға онлайн қосылған ғалымдар да бар.
Айта кетейік, конференция қазақ, араб, орыс және ағылшын тілдерінде өтуде. Жиынның модераторы – Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар.
Түскі үзілістен кейін конференция жұмысы секцияларда жалғасады. Алғашқы секцияда Орталық Азия елдеріндегі ислам дінінің классикалық дәуірі (X–XII ғасырлар) және моңғолдардың билігінен кейінгі кезеңі (XIII–XVIII ғасырлар) қарастырылады. Екінші секцияда Орталық Азия елдеріндегі ислам дінінің отаршылық және кеңестік кезеңдері (1731–1991 жылдар), сондай-ақ түркі халықтарының тәуелсіздік кезеңіндегі ислам діні (1991–2025 жылдар) сөз болады. Үшінші секцияда мемлекет пен дін қатынастарының бүгінгі стратегиясы мен ұстанымдары, сондай-ақ бейбітшілік пен рухани келісімді сақтаудағы мүфтияттың рөлі талқыланбақ.
© Copyright 2024 All Rights Reserved