Нұр-Мүбарак университетінде Ғылым апталығының салтанатты ашылуы өтті

Бүгін, 6 сәуірде Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Діни білім беру және заманауи ғылым: дәстүр мен инновация» атты 12 сәуір – ҚР Ғылым қызметкерлері күніне орай 6-17 сәуір аралығы Ғылым апталығының салтанатты ашылуы бастау алды.

Ғылым апталығының шымылдығы Әл-Фараби залында түрілді. Мұнда ресми түрде ашылу салтанаты өтіп, университет Ректоры Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим мен Проректор Оңғар Ершат Ағыбайұлы құттықтау сөз өрбітті.

Жиынды бастаған Ректор Ахмед Хусейн Мухаммад Ибраһим өз сөзінде ислам діні қашанда ілімге ықыласты екенін алға тартты:
«Кез келген ұлттың рухани, мәдени және экономикалық деңгейі оның білімге деген қатынасымен, ғылымға қосқан үлесімен айқындалады. Ислам діні ілімге ерекше мән беріп, оны адамның дәрежесін көтеретін, қоғамды өркендететін негізгі құндылық ретінде қарастырады».

Ал Проректор Оңғар Ершат Ағыбайұлы Ғылым апталығының маңызын атап өтіп, жоспарланған ісшараларға тоқталды. Басшының айтуынша, Ғылым апталығы аталған салаға ден қойған азаматтарды қолдауға, студенттердің білік-білімін шыңдауға жол ашпақ. Одан бөлек, Проректор өз сөзін ұлт тарихында елеулі еңбек етіп, Ғылымның дамуына сүбелі үлес қосқан тұлғаларды дәріптейміз деп түйіндеді.

Нұр-Мүбарак университетінде басталған Ғылым апталығы 6-17 сәуір аралығында өтеді. Бұл апталық аясында бас-аяғы 10-нан астам түрлі бағыттағы ісшаралар жоспарланған.