«ЖАСАНДЫ ИНТЕЛЛЕКТ ДӘУІРІНДЕГІ АНТРОПОЦЕНТРИЗМ.
ЦИФРЛЫҚ МӘДЕНИЕТТАНУ, ҚАЗАҚТАНУ МЕН ДІНТАНУ ӨЗЕКТІЛІГІ»
тақырыбындағы ғылыми-танымдық дөңгелек үстел

Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде «Жасанды интеллект дәуіріндегі антропоцентризм. Цифрлық мәдениеттану, қазақтану мен дінтану өзектілігі» тақырыбында ғылыми-танымдық дөңгелек үстел өтті.

Аталған іс-шара университеттің Филология факультеті мен Жалпы білім беру пәндері кафедрасының ұйымдастыруымен жүзеге асырылды. Дөңгелек үстелдің басты мақсаты – жасанды интеллект дәуірінде ұлттық идеяны қалыптастыру, «Қазақтану» бағытының өзектілігін арттыру, сондай-ақ мәдени құндылықтарды цифрландыру мәселелерін жан-жақты талқылау болды.

Шараға арнайы қонақ ретінде Түркі халықтары философиясы қоғамының тең төрағасы, Қазақстан философтары конгресінің вице-президенті, философия ғылымдарының докторы, профессор, отандық мәдениеттану ғылымының негізін қалаушылардың бірі Тұрсын Хафизұлы Ғабитов қатысып, мазмұнды баяндама жасады. Ғалым өз сөзінде цифрлық трансформация жағдайында гуманитарлық ғылымдардың рөлі, антропоцентризм мәселесі және ұлттық құндылықтардың сақталуы туралы терең ой қозғады.

Іс-шара барысында қатысушы ғалымдар мен студенттер арасында мазмұнды пікір алмасу ұйымдастырылып, қазіргі қоғамдағы цифрлық мәдениет пен дінтанудың өзекті мәселелері кеңінен талқыланды. Сонымен қатар студенттердің TeamBuilding-Poster көрмесі ұсынылып, олардың ғылыми-шығармашылық ізденістері таныстырылды.

Дөңгелек үстел аясында қатысушылар ұлттық мәдениет элементтерімен де танысып, сазсырнай аспабының ерекшеліктері көрсетілді. Шара соңында ұйымдастырушылар тарапынан қорытынды жасалып, көтерілген мәселелер бойынша маңызды ой-түйіндер айтылды.

Аталған ғылыми кездесу – білім мен ғылымды ұштастыра отырып, жасанды интеллект дәуіріндегі ұлттық сана мен мәдениетті дамытуға бағытталған маңызды алаң болды.