Нұр-Мүбарак университеті делегациясының Америкадағы ғылыми іссапары Девистегі Калифорния университетінде (UC DAVIS) жалғасты. Нұр-Мүбарак университетінің проректоры, PhD докторы Ершат Оңғар мен профессор Шамшәдин Керімді UC DAVIS Жаһандық зерттеулер бағдарламасының директоры Джейкоб Хосьер қарсы алып, университет кампусын аралатып, оның тарихы, оқу бағдарламалары, ғылыми жобалары және тыныс-тіршілігімен таныстырды.
Оқу орнында 41 мыңнан астам студент оқиды, әлемдік алдыңғы қатарлы 100 университетінің санатына кіреді. UC DAVIS Халықаралық орталығында Қазақстандағы ислам тарихы, мәдениеттану, дінтану, әлеуметтану бағыттары туралы ғылыми жұмыс жасап жүрген салалық ғалымдар мен сарапшылар қатысқан кездесу өтті. Пікіралмасуға арналған жүздесуге UC DAVIS тарапынан доктор Джейкоб Хосьер — Жаһандық зерттеулер бағдарламасының директоры, профессор Майрадж Сайед — дінтану кафедрасының доценті және Таяу Шығыс және Оңтүстік Азияны зерттеу бағдарламасының директоры, профессор Николь Ранганат — Таяу Шығыс және Оңтүстік Азияны зерттеу кафедрасының доценті, бағдарлама директорының орынбасары, профессор Ян Кэмпбелл — тарих кафедрасының доценті қатысты. Екіжақты талқылау кезінде Нұр-Мүбарак университеті мен UC DAVIS арасында мобильдік ұтқырлық бойынша тәжірибе алмасуға мүмкіндік беретін келісімшарт жасау мәселесі де қозғалды.
Сонымен қатар делегация құрамы “Болашақ” және “500 жас ғалым” бағдарламалары аясында UC DAVIS те оқып жүрген бір топ қазақстандық жас ғалымдармен кездесті. Университет делегациясы іссапар барысында Калифорния штатындағы Пало Альтода орналасқан, әлемдік ондыққа кіретін Стэнфорд университеті мен Беркли университетін көрумен қатар кітапханалар мен бірқатар мұражайларға барып, танымдық тур жасады.
© Copyright 2024 All Rights Reserved
info@nmu.edu.kz
© Copyright 2025 All Rights Reserved