«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде Ғылым апталығы қорытындыланды

«Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінде 6-17 сәуір аралығында 12 сәуір – ҚР Ғылым қызметкерлері күніне орай ұйымдастырылған «ДІНИ БІЛІМ БЕРУ ЖӘНЕ ЗАМАНАУИ ҒЫЛЫМ: ДӘСТҮР МЕН ИННОВАЦИЯ» атты ғылым апталығының жабылу іс-шарасы өтті.

Жиынға ректор Ахмед Хусейн Мұхамед Ибраһим мен проректор, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар арнайы ортақтасты. Ғылым апталығын қорытындылау барысында оқу ошағының ректоры сөз сөйлеп, елеулі бастамаға кәсіби түрде қолғабыс қылған азаматтарға өз алғысын білдірді: «Ғылым апталығы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің жергілікті, өңірлік және халықаралық деңгейдегі беделін арттыруға өз үлесін қосты. Бұл іс-шаралардың табысты өтуіне атсалысқан барлық факультеттерге, ғылыми және әкімшілік бөлімдерге, профессор-оқытушылар құрамына және студенттерге шынайы алғысымды білдіремін».

Қорытынды іс-шарада оқу ордасының проректоры, PhD доктор Ершат Ағыбайұлы Оңғар 2020-2026 жылдар аралығындағы ғылыми-зерттеу жұмыстарының көрсеткішін көпшілікке таныстырып, осы салада қажырлы еңбек еткен ғалымдарды марапаттады.

Марапаттау рәсімі жиыны 4 кезеңнен тұрды. Бірінші кезеңде университетімізде ең жоғары ғылыми нәтиже көрсеткен ғалымдарға Ғылыми номинациялар үлестірілді. «Ғылымдағы көшбасшы профессор» номинациясына – Халықаралық ғылыми-зерттеу орталығының директоры, доктор, профессор Ш.Т.Керім лайық деп танылып, Үлкен қажылық сыйға берілді. Келесі «Үздік ғалым» номинациясымен – Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Ы.М. Палтөре марапатталып, Ұмра қажылығы табысталды.

Одан бөлек, «Университет ғылымына қосқан үздік үлесі үшін» номинациясы мен Ұмра қажылығын Исламтану кафедрасының қауымдастырылған профессоры Р.С.Мухитдинов пен Дінтану кафедрасының профессорлары Қ.А.Затов пен М.Б.Исахан иемденді. «Университеттің ең белсенді авторы» номинациясы – Дінтану кафедрасының PhD докторы Ж.Бұланға беріліп, Ұмра қажылығына бару мүмкіндігі сыйланды. Соңғы «Ғылыми әлеуетті дамытуға қосқан үлесі үшін» номинациясын – Исламтану кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Қ.С.Ержан еншілеп, оған шипажайда демалуға мүмкіндік беретін серфикат табысталды.

Екінші кезеңде Ғылыми зертеу жұмыстарын қолдау мақсатында Томсон Рейтерс (Web of Science,Thomson Reuters), Scopus ақпараттық деректер базасында нөлдік емес импакт-факторы бар басылымдарда, Комитет тізбесіне енгізілген басылымдардағы (БҒСБК) жарияланым белсенділігін ынталандыру сыйлықтары берілді. Бұл марапатқа Ринат Казмуханов, Ардабек Хомпыш, Алия Махамбетова, Еркінбек Дәкен сынды бір топ ғылым өкілдері лайық деп танылды.

Үшінші кезең Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің Ғылым комитеті тарапынан 2023-2025 жылдарға арналған гранттық қаржыландыру шеңберінде жүзеге асырылған мемлекеттік жобаларын сәтті аяқтаған жоба жетекшілерін марапаттаумен түйінделді.

Бұл бөлімде «Деобандия мектебінің діни-саяси идеологиясының Орта Азияға ықпалы» атты «Жас ғалым» жобасын сәтті аяқтағаны үшін Абдилхаким Бурханадин Шарафутдинұлына алғыс хат берілді. Сонымен қатар, «Әл-Фараби трактаттарындағы педагогикалық мұраларды қазіргі білім беру жүйесіне кіріктірудің ғылыми-әдістемелік негіздері» атты жобасын сәтті аяқтағаны үшін Палтөре Ықтияр Молдатөреұлы мен «Сандық кеңістіктегі ислам (қазіргі Қазақстан мысалында)» атты ғылыми жобасын ұтымды жүзеге асырғаны үшін Керім Шамшәдин Тұрсынұлына да алғыс хат табысталды.

Төртінші кезеңде Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің 2025 жылғы 24 желтоқсандағы №2 хаттамасының шешіміне сәйкес «М. Әуезов атындағы гуманитарлық ғылымдар саласындағы үздік ғылыми жұмыс үшін жас ғалымдарға арналған сыйлық» иегерлері университет тарапынан марапатталды. Бұл марапатты Дінтану кафедрасының PhD, қауымдастырылған профессоры Темірбаев Талғат пен аталған кафедраның PhD докторы Темірбаева Айгерім иеленді.

Соңғылар