Введите текст заголовка

Ғылым бөлімі ұйымдастыруымен студенттерге арналған жаңадан ашылған «NMU – Student Research Club» ғылыми клубының салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Ашылу салтанатына университет ректоры, профессор, доктор Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһим, Ислам ілімдері факультетінің деканы, доктор Мұхаммад Уардани, Филология факультетінің деканы, доктор Ахмед Камал, Ғылым бөлімінің басшысы Кагазбекова Салтанат Бейсенбаевна, сондай-ақ клубқа тіркелген 1–4 курс студенттері қатысты.

Салтанатты шара барысында университет ректоры профессор, доктор Ахмад Хусейн Мухаммад Ибраһим сөз сөйлеп, оқу орнында студенттерге арналған түрлі клубтардың бар екеніне қарамастан, ғылым жолына бет бұрған жас зерттеушілерге арналған «NMU – Student Research Club» клубының ашылуы маңызды әрі өзекті бастама екенін атап өтті. Ректор клубтың ерекшелігі – бакалавриаттың 1-курс студенттерінен бастап ғылыми ізденіске баулуды көздейтінінде екенін айтып, бұл жоба университеттің зияткерлік әлеуетін арттыруға және ғылымға қызығушылық танытатын жастар қатарын көбейтуге үлкен үлес қосатынын жеткізді.

Өз кезегінде Ислам ілімдері факультетінің деканы доктор Мұхаммад Уардани мен Филология факультетінің деканы доктор Ахмед Камал жас зерттеушілерге ізгі тілектерін білдіріп, ғылыми жолдағы алғашқы қадамдарына сәттілік тіледі.

Ғылым бөлімінің басшысы Кагазбекова Салтанат Бейсенбаевна студенттерді клубтың ішкі ережелерімен таныстырып, оның мақсат-міндеттеріне тоқталды. Сонымен қатар алдағы уақытта жоспарланған іс-шаралар мен клуб жұмысының негізгі бағыттары студенттермен бірлесе талқыланды.

Айта кетейік, «NMU – Student Research Club» – ғылымға, зерттеуге және академиялық дамуға қызығушылық танытатын студенттерге арналған жаңа ғылыми клуб. Клубтың негізгі мақсаты – студенттердің ғылыми және шығармашылық әлеуетін дамыту арқылы университеттің зияткерлік ортасын нығайту. Сондай-ақ студенттердің ғылыми-зерттеу дағдыларын қалыптастыру, теориялық білімді тәжірибеде қолдану, академиялық жазылым мәдениетін жетілдіруді көздейді.