РӘТБЕК ҚАЖЫ НЫСАНБАЙҰЛЫ ХАЗІРЕТТІҢ ОТБАСЫНА
КӨҢІЛ АЙТУ ЖЕДЕЛ ХАТЫ
Қазақстанның тұңғыш мүфтиі, көрнекті дін қайраткері Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміздің қайтыс болғаны туралы қаралы хабарды терең күйзеліспен қабылдадым. Бұл – күллі қазақ елі, барша мұсылман үмбеті үшін орны толмас ауыр қаза.
Рәтбек хазірет өмірін дін жолына, ел бірлігіне, ұрпақ тәрбиесіне арнаған абзал жан еді. Ол кісінің тағылымды ғұмыры мен салиқалы еңбегі халқымыздың рухани жаңғыруында айрықша орын алады. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының іргетасын қалап, қиын-қыстау кезеңде елдің діни санасының қалыптасуына өлшеусіз үлес қосты. Діни сауат ашу ісін жүйелі жолға қойып, көптеген шәкірт тәрбиеледі.
Рәтбек қажы Нысанбайұлы Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің құрылуы мен қалыптасуына да ерекше еңбек сіңірді. Университетті ашу идеясының жүзеге асуына қолдау білдіріп, діни білім мен ғылымның дамуына зор үлес қосты. Бұл еңбегі Нұр-Мүбарак университеті ұжымы тарапынан әрдайым зор құрметпен аталады.
Марқұм әрдайым парасат-пайымы биік, сабырлы да салмақты болмысымен кейінгі буынға үлгі көрсете білді. Ұстаз ретінде де, басшы ретінде де ел құрметіне бөленді. Артында өшпес өнеге, салиқалы із қалдырды.Осы ауыр қайғыға байланысты өз атымнан және Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің ұжымы атынан марқұмның отбасына, туған-туыстарына, барша жақын-жуықтарына және еліміздегі мұсылман қауымына шынайы көңіл айтамын.
Алла Тағала Рәтбек қажы Нысанбайұлы хазіретіміздің иманын саламат қылып, жасаған барша сауапты амалдарын қабыл етсін. Жатқан жері жайлы, топырағы торқа болып, мәңгілік мекені жәннаттан болғай. Артында қалған ағайын-туысына, шәкірттеріне көркем сабыр берсін. Әмин.
Құрметпен,
Оңғар Ершат Ағыбайұлы
Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті
университетінің проректоры
© Copyright 2024 All Rights Reserved
info@nmu.edu.kz
© Copyright 2025 All Rights Reserved