Введите текст заголовка

Діни оқу-ағарту бағыты аясында өңірлік кездесулер өтуде

21.05.2025

ҚМДБ бекіткен «Діни оқу-ағарту» бағытын жүзеге асыру және жастардың рухани білімге деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Нұр-Мүбарак» Египет ислам мәдениеті университетінің өкілдері еліміздің бірнеше өңірінде кәсіби бағдар беру кездесулерін өткізуде. Атап айтқанда, Жамбыл, Түркістан, Ақмола, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Қарағанды, Батыс Қазақстан облыстарында және Шымкент пен Астана қалаларында танымдық шаралар ұйымдастырылды.

Іссапардың алғашқы күні Жамбыл облысы, Қордай ауданына қарасты Масанчи ауылында, сондай-ақ Ақтөбе және Астана қалаларында мектеп және колледж түлектерімен кездесулер өтті. Университет өкілдері білім ордасының артықшылықтары, білім беру бағдарламалары мен қабылдау талаптары туралы кең көлемде ақпарат беріп, діни білім алуға ниетті жастарға бағыт-бағдар ұсынды. Сонымен қатар, жеке кездесулер де ұйымдастырылып, талапкерлердің сауалдарына нақты жауаптар берілді.

Ақтөбе қаласындағы №6 және №8 мектептердің 10-11 сынып оқушыларымен, сондай-ақ «Ақтөбе» медресе-колледжінің студенттерімен өткен кездесуге облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешітінің ұстазы, Діни кадр даярлау бөлімінің жауапты маманы Досбол Аймырза және «Нұр-Мүбарак» университетінің қабылдау комиссиясының жауапты хатшысы Қанат Күпешов қатысты.

Қарағанды қаласында университет өкілдері Ж.Букенов атындағы Қарағанды банк колледжі мен Қарағанды жоғары колледжінің студенттерімен жүздесті. Шара барысында болашақ мамандарға университетке түсу тәртібі, қабылдау шарттары, діни білімнің қоғамдағы орны мен маңызы және болашақ қызметтің жауапкершілігі жайлы жан-жақты түсіндірме берілді. Аталған кездесулер «Нұр-Мүбарак» университетінің білім беру миссиясын кеңінен насихаттап, дін саласында білім алуға ниетті жастардың саналы таңдау жасауына ықпал етуде.

Кездесуге университет атынан Қанат Күпешов, Бауыржан Шайзан және Кенжегулов Нұрмұхаммед қатысты.