НҰР-МҮБАРАК ЕГИПЕТ ИСЛАМ МӘДЕНИЕТІ УНИВЕРСИТЕТІ

ҚМДБ ҒҰЛАМАЛАР КЕҢЕСІНІҢ 45-ШІ МӘЖІЛІСІ

Нұр-Мүбарак университетінде ҚМДБ Ғұламалар кеңесінің 45-мәжілісі өтті. Мәжіліске Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы төрағалық етіп, НМУ проректоры, PhD докторы, Ғұламалар кеңесі төрағасының орынбасары Ершат Оңғар және ҚМДБ құрылымындағы теолог-ғалымдар мен исламтанушылар қатысты.

Бас мүфти өз сөзінде Кеңес жұмысын жоғары бағалап, бүгінге дейін 44 мәжілісте 158 пәтуа қабылданғанын атап өтті. Бұл жолғы жиында да діни және рухани өмірге қатысты өзекті мәселелер талқыланып, маңызды шешімдер қабылданды.

Атап айтқанда, «Құдайы ас беруде ысырапқа жол бермеу» және «Қазақ даласындағы отбасы құндылығы тұғырнамасы» құжаттары бекітілді. Сонымен қатар «Киберсквоттингпен айналысу», «Киберспортпен шұғылдану», «Коллагенді қолдану» мәселелері бойынша шариғи үкімдер қабылданды.

Мәжіліс аясында «Пәтуалар жинағы» атты 5 томдық еңбек пен «Ғибадат тұтқасы» кітабының ІІ томы таныстырылды. Сондай-ақ, пәтуа шығаруға қатысты өзекті мәселелер талданып, болашаққа ұсыныстар айтылды. Мәжіліс соңында келесі отырыстың уақыты мен орны нақтыланды.

Қабылданған пәтуалар мен құжаттар ҚМДБ-ның ресми медиа ресурстарында жарияланады.