Сәуір айында Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінің Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы ұйымдастырған бірқатар зияткерлік шаралар өз мәресіне жетіп, енді міне, олардың жеңімпаздары салтанатты түрде марапатталды.
Араб тілі бойынша өткен олимпиадада 1-3 курс арасынан 165-ке жуық студент бақ сынады. Тыңдалым, оқылым, жазылым және сөйлесім дағдылары бойынша тапсырмалар ұсынылып, әділқазылар 100 балдық жүйемен баға берді. Нәтижесінде 15 студент озат атанып, жүлделі орындарға ие болды.
VII университетішілік ағылшын тілі олимпиадасында 69 студент тіркеліп, алдымен лексика-грамматикалық тест тапсырды. Екінші кезеңге 70 балдан жоғары жинаған 20 студент өтіп, эссе жазу, тыңдалым және сөйлеу бағыттарында білімдерін дәлелдеді. Қорытындысында 10 жеңімпаз анықталса, тағы 3 қатысушы Алғыс хатпен марапатталды.
«Көптілділік – бүгінгі заман талабы» атты дәстүрлі VII студенттік ғылыми-тәжірибелік конференция биыл да мазмұнды өтті. 70-ке жуық студент үш секция бойынша баяндамалар жасап, қазақ, араб, ағылшын, орыс тілдерінде ой бөлісті. Әр секциядан 6 үздік студент марапатталды. Пленарлық мәжілісте үш студент үш түрлі тілде сөйлеп, ерекше көзге түсіп, жүлделі І орынға лайық деп танылды. Жастардың тілдік білім мен ғылыми ізденіске деген ынтасы – жарқын болашақтың кепілі.
© Copyright 2024 All Rights Reserved
info@nmu.edu.kz
© Copyright 2025 All Rights Reserved