Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы мен мектебін зерттеуші шетелдік және отандық ғалымдардың басын қосқан «Хусамуддин әс-Сығнақи: Алтын ордалық ізбасарлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

НМУ-ДА «ХУСАМУДДИН ӘС-СЫҒНАҚИ: АЛТЫН ОРДАЛЫҚ ІЗБАСАРЛАРЫ» АТТЫ ХАЛЫҚАРАЛЫҚ ҒЫЛЫМИ-ТӘЖІРИБЕЛІК КОНФЕРЕНЦИЯ ӨТТІ

Бүгін Нұр-Мүбарак университетінде Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасы мен мектебін зерттеуші шетелдік және отандық ғалымдардың басын қосқан «Хусамуддин әс-Сығнақи: Алтын ордалық ізбасарлары» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция өтті. Қазақстан мен Мысыр елдерінің әнұрандары әуелеген алқалы жиын қасиетті Құран аяттарымен басталып, ҚМДБ Төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының алғысөзімен жалғасты. 

Ортағасырлық ғұламалардың еңбегін зерттеп, тұрақты ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырудың еліміз үшін игі үрдіс екенін атап өткен ҚР МА министрлігі Дін істері комитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов, ұйымдастырушылар мен зерттеуші ғалымдарға алғысын білдірді. Сондай-ақ Нұр-Мүбарак ЕИМ университетінің ректоры, доктор, профессор Ахмед Хусейн Мухаммад құттықтау сөз сөйлеп, конференция жұмысына сәттілік тіледі.

Құттықтау легі Мысырдан және Ислам ынтымақтастығы Ұйымы (ОИС) жанындағы Ислам тарихын, өнерін, мәдениетін зерттеу орталығының (IRCICA) Бас директоры доктор, профессор Махмуд Эрол Қылыштың бейнеқұттықтауымен жалғасты.

Алқалы жиын IRCICA Бас директорының кеңесшісі профессор Әшірбек Мүминовтың «Журжания мен Сарай – Алтын Ордадағы мұсылман ілімінің орталықтары», проф. Шамшәдин Керімнің «Қазақстанда дәстүрлі исламның ғылыми негізін нығайтудағы Хусамуддин әс-Сығнақи мұрасының мән-маңызы» баяндамалары тыңдалды.

НМУ проректоры, PhD доктор Ершат Оңғардың модераторлығымен өткен негізгі бөлім жаңа қос кітаптың тұсаукесерімен түйінделді.

Салтанатты бөлімнен соң конференция пленарлық отырысқа ұласып, секцияларда жалғасуда.