Нұр-Мүбарак университетінің жаңа проректоры, PhD доктор Ершат Оңғар Ратбек қажы Нысанбайұлының ақ батасын алды.
Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының дербес шаңырақ болып құрылуы мен отандық дін мамандарын дарлауда Мысырмен байланыс орнатуды жолға қойған тұңғыш мүфтиіміз Ратбек қажы Нысанбайұлының еңбегі зор, – деген проректор Ершат Ағыбайұлы тұңғыш мүфтимен арнайы кездесті.
Хазірет, 1993 жылы Нұр-Мүбарак университетінің іргетасын қалап, атын қойғаныңыз ел жадында. Сол бастамаңыз қазір ТМД-да баламасы жоқ білім мен ғылым ордасына айналды. Еліміз бүгінде Нұр-Мүбарак университеті даярлайтын мамандарға зәру. Осы университеттің басшылық қызметіне кірісер алдында Сіздің ақ батаңыз біз үшін алтыннан қымбат, – деп Ершат Оңғар ардагер ұстазға дәстүрімізге сай құрмет көрсетіп, шапан жапты.
Ратбек қажы Нысанбайұлы ізет сақтап, құрмет көрсетіп келген ізбасарларына ризалығын білдіріп, алғысын жаудырды. 84 жастағы ақсақал сонау қиын кезеңді еске алып, ел игілігіне қызмет ететін иманды жастардың көптеп қажеттігіне тоқталып, жаңадан қызметке кіріскен шәкіртіне сәттілік тілеп ақ батасын берді.
Сондай-ақ проректор өзінің әлемдегі көптеген ислами оқу орындарының арасынан Мысырдағы мыңжылдық тарихы бар әл-Азһар университетін таңдап, қазақстандық жастарды алғаш аттандырған тұңғыш мүфти Ратбек қажы Нысанның көрегендігі мен еңбегін еске алды. Себебі проректор, PhD доктор Ершат Оңғар сол жолдаманың нақты жемісі екенін алға тартып, ата-бабалар аманатын кейінгі ұрпаққа абыроймен табыстаған алғы буын ағалар еңбегін әрдайым бағалайтынын атап өтті. Соның бір қарымтасы ретінде Қазақ елінің болашағы мен жас ұрпақтың кемелденуіне жан-жақты қызмет етуге мүдделі екенін жеткізді.