Бүгін проректор, PhD доктор Ершат Оңғар Нұр-Мүбарак университетінің әрбір бөлім, департамент, факультет, кафедраларын арнайы аралады.
Ұжымның тыныс-тіршілігімен танысып, оқу кешенінің жай-күйін бағалап шықты. Әуелі оқу бағдарламалары мен білім беру жүйесімен танысуды бастаған жаңа проректорға, Академиялық мәселелер департаментінің директоры Мұратхан Махмет оқу бағдарламаларымен қатар, факультеттер мен кафедраларды таныстырды. Сондай-ақ Тәрбие және әлеуметтік даму департаментінің директоры Бауыржан Шайжан студенттерге қатысты ақпараттардан хабардар етті.
«Ислам ілімдері» факультеті, Исламтану, Дінтану кафедралары, «Тілдер және гуманитарлық пәндер» факультеті, Шетел филологиясы және аударма ісі кафедрасы, Жалпыуниверситеттік гуманитарлық пәндер кафедрасы, кітапхана, оқу залдары, оқу аудиториялары мен НМУ түлектер қауымдастығы, Әбу Ханифа ғылыми-зерттеу орталығы, Нұр-Мүбарак онлайн академиясы, т.б. құрылымдағы әр саламен жіті танысты. Қызметкерлермен тілдесіп, студенттерге дәріс өту барысын да қаперден шығармады. Білім беру жүйесімен қатар түлектердің жұмысқа орналасу барысына мониторинг жасап, кемшін тұстарын болашақта назарға алу қажеттігін баса айтты.
Танысу барысында оқытушылар мен қызметкерлер, студенттермен тілдесіп, кез келген мәселеде олардың пікірін тыңдауға ашық екенін мәлімдеді. Білім беру бағдарламалары мен оқу ордасының қызметін оңтайландыруға қатысты арнайы сауалнама жасалып, кез келген пікірдің назардан тыс қалмайтынын атап өтті.