Нұр-Мүбарак университеті алғаш ашылғаннан бастап Қазақстан тарапынан басшылықты тізгіндеп, 17 жыл проректор қызметін мүлтіксіз атқарған профессор Шамшәдин Керім жаңа тағайындалған ізбасары PhD доктор Ершат Оңғарды арнайы құттықтап келді.
Нұр-Мүбарак университеті алғаш ашылғаннан бастап Қазақстан тарапынан басшылықты тізгіндеп, 17 жыл проректор қызметін мүлтіксіз атқарған профессор Шамшәдин Керім жаңа тағайындалған ізбасары PhD доктор Ершат Оңғарды арнайы құттықтап келді. Еліміздегі жалғыз ислами білім ордасының іргесін қалап, жоғары деңгейге жеткізген ардагер ғалымның қолдап келуі жаңа проректор Ершат Ағыбайұлына сенім мен жігер сыйлады. Себебі профессор Шамшәдин Тұрсынұлы Қазақ еліндегі дін мамандарын даярлаудың қыр-сырымен қатар, бабалар аманатын арқалаған білім ордасын басқарудың тетіктерін терең меңгерген білікті басшы бола білді.
«Ершат Ағыбайұлы! Сіз отандық дін саласындағы қызмет жолыңыз көз алдымызда. Ратбек қажы Нысанбайұлынан бата алып, әйгілі әл-Азһардың түлегі атандыңыз. Отандық жоғары білімнің қара шаңырағы әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторлық қорғап әрі қызмет еттіңіз. ҚМДБ-да ұстаздардың ұстазы марқұм академик Әбсаттар қажы Дербісәлінің мектебінен өттіңіз. Нұр-Мүбаракта да қызмет етіп, әлі Ғұламалар кеңесінде еңбегіңіз бар. Өмір жолыңыз сізді осы қызметті атқаруға дайындағандай. Бас Мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының сізге сенім артуы да үлкен жауапкершілік», — деп, жаңа лауазымды қызметіне сәттілік пен абырой тіледі.
Бүгінде НМУ-да Әбу Ханифа атындағы ғылыми-зерттеу орталығын басқарып, әрі бірнеше ғылыми жобаларды зерттеп жүрген аға буын ғалым басшының кішіпейілділігі мен қолдауына проректор Ершат Оңғар ерекше ізетпен ризалығын білдірді. Нұр-Мүбарак университетінің Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы құзырында, халыққа білімді де білікті дін мамандарын даярлаудағы жауапкершіліктің орнына тоқталды.
Мәртебелі мейманға, проректор PhD доктор Ершат Оңғар өзінің төл туындысы Құран Кәрімнің тәпсірін сыйлап, алғысын білдірді. Нұр-Мүбарак университетінің отандық ғылым саласындағы қызметін арттыруға бірлесе жұмыс істеуге дайын екенін де атап өтті.