Нұр-Мүбарак университетіне күні кеше ғана таныстырылған жаңа проректор, PhD доктор Ершат Оңғар алғашқы жұмыс күнін ұжыммен танысудан бастады.
Нұр-Мүбарак университетіне күні кеше ғана таныстырылған жаңа проректор, PhD доктор Ершат Оңғар алғашқы жұмыс күнін ұжыммен танысудан бастады. Ол университеттегі департаменттер, бөлімдер, факультеттер мен кафедралардың басшыларымен жеке-жеке танысып, ерекше ілтипат көрсетті.
Қасиетті жұма күні ұжыммен танысуды нәсіп еткен Аллаға сансыз шүкірлер. Дін саласындағы білім жолымды 1994 жылдан бастап, сол кездегі хазірет Бас мүфти Ратбек қажы Нысанбайұлының жолдамасымен Әл-Азһар университетінде білім алдық. Елге оралып, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-да докторлық қорғап, әрі қызмет етіп, сондай-ақ Нұр-Мүбарак университетінде де дәріс беріп, мемлекеттік комиссияға жетекшілік жасап, түрлі сатылардан өтіп, еліміздегі бірегей ислами білім ордасының ұжымымен қауышқаныма қуаныштымын. Осы қасиетті оқу ордасында білімді де білікті мамандар даярлайтын жауапты да сауапты жолда өздеріңізбен қызмет етуге дайынмын, — деді жаңа проректор Ершат Ағыбайұлы.
Сондай-ақ проректор кез келген пікір мен ұсынысқа ашық екенін айта келе, жұмыс барысында өзі талап ететін негізгі қағидаларға тоқталды. Маман даярлау барысында жастардың білімінен бөлек, руханиятына ерекше назар аударылып, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының аясында елге қалтқысыз қызмет етуге даяр елжанды мамандар даярлаудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Ұжым тарапынан Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры Мұратхан Махмет білім ордасындағы жалпы білім беру жүйесі мен университет құрылымы туралы ақпарат берді. Ал Ғылым және инновация департаментінің директоры PhD доктор Ықтияр Палтөре Мысыр мен Қазақстан арасындағы алтын көпірге айналған Нұр-Мүбарак университетінің ішкі ерекшеліктері мен ескерілетін тұстарына да тоқталды.
Проректор PhD доктор Ершат Ағыбайұлы университеттегі әрбір факультет, кафедра, бөлімдерді аралап, оқытушы-профессорлық құрам мен қызметкерлермен жеке танысатынын хабардар етті.
Университет ұжымымен кездесуден соң, проректор Ершат Оңғар Нұр-Мүбарак мешітіндегі жұма намазына жиналған жамағатқа таныстырылды. Алғашқы жұмыс күні мұсылман қауымы үшін қасиетті жұмаға сәйкес келген жаңа проректордың қадамына ұжым мүшелері де жас мамандарды даярлауда Қазақ еліне берекелі болғай деген тілектерін білдірді.